2021-03-13 12:56:25
Мемлекеттік қызметкерлер қалай демалады?Астанадағы мемлекеттік компанияның басшылығы мен қызметкерлері аэробика, зумба, сауна мен фитнеске барып демалады екен. Аталмыш компания бұған дейін фитнеске 41 миллион теңге жұмсаған. 2021 жылы 27 миллионды жоспарлап қойыпты. Иә, демалыс әркімге де керек шығар, бірақ бұл шығынды мемлекет төлеп отыр.
Ал енді егжей-тегжейіне тоқталайық.
Қыруар қаражатты фитнеске жұмсап отырған қай компания? Бұл — «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» деп аталатын акционерлік қоғам. Компания Астанадағы Министрліктер үйінде орналасқан.
Ол компанияның 42 500 теңгеге өтінім қабылдаған министрлікке қандай қатысы бар?Бұл компания Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайды. Министрлік аталмыш орталыққа қомақты қаражат бөледі екен: 2018 жылы шамамен 2 миллиард, 2019 жылы 1,4 миллиард, 2020 жылы кемі 1,5 миллиард теңге.
41 миллион теңгеге бағаланған демалыстың не ерекшелігі бар?2019 жылы компания спорт-сауықтыру кешенінен бір жылға жарайтын 200 абонемент сатып алды. Ол фитнес орталықтың аумағы — 5 мың шаршы шақырым. Таңнан түннің бір уағына дейін жұмыс істейді. Әр бөлмеде кәсіби музыкалық жабдықтар бар. Зумба, бокс, йога, самбо секілді 70 спорт түріне қатысып, фитнес залда жаттығып, аэробика залына баруға болады. Одан кейін түрлі сауна мен монша күтіп тұрады. Оның әрқайсында арнайы температура режимі сақталуы керек делінген.
Компания қызметкерлері қайтадан шаршап жүр ме?«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы»
2021 жылы 27 миллион теңгеге 110 абонемент алуды жоспарлапты. Біреуі — А классы, қалғаны — Б класс. Бұл жолы монша түрі көп болсын депті: хамам, орыс және Марокко моншасы, инфрақызыл және фин саунасы, т.б.
Сонда компания қызметкерлерінің жалақысы төмен бе?Қаржы есебін ақтарып, олай емес екеніне көз жеткізуге болады. Мысалы, мына дерекке назар аударайық: 2019 жылы 3 қызметкерге 51 миллион теңге сыйақы берілген. Яғни бір қызметкерге шаққанда шамамен 17 миллион теңге.
Фитнес ақысын өздері төлеуге қауқарлы бола тұра мемлекет ақшасын шашып жүр. Ал мемлекет ақшасы халық салығынан құралатынын естен шығармаған жөн. Халықтың әл-ауқаты төмендеп жатыр, мұндай қымбат дүниеге қолы жетпейді де. 27 миллион теңгелік лоттың жойылуын, фитнес қызметіне мемлекет ақшасы жұмсалмауын талап етеміз.
Ақпаратты Protenge-ден алдық, толығырақ сол жақтан оқи аласыз.
347 views09:56