Получи случайную криптовалюту за регистрацию!

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі әкім Есқалиевтің пиарына қанша | Ras aitamyn

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі әкім Есқалиевтің пиарына қанша ақша жұмсайды?

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің жұмысын орыстілді ақпарат құралдары ғана емес, қазақтілді БАҚ та насихаттайды. Қызығы, кейбір қазақтілді БАҚ бұл материалдарды орыс тілінде жариялайды.

Мысалы, облыстың ішкі саясат басқармасы “өңірдегі негізгі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар мен БҚО жөнінде жағымды материалдар жариялау” үшін Qamshy.kz порталымен 4,2 млн теңгеге келісімшарт жасасты.

Qamshy порталы осы күнге дейін бұл соманың 1,5 млн теңгесін игеріп үлгерді. Осы соманың есебінен аймақтағы маңызды оқиғалар ғана емес, облыс әкімінің қызметі туралы да жағымды материалдар жариялаған. Басылым материалдарына қарағанда, Есқалиевтің арқасында облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен 281 гектар индустриалды аймақ салынып жатыр, түрлі көлікке арналған стартер аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт ашылмақ, ал облыс орталығы Оралда 20 автобус көлігі жолға шықты.

“БҚО әкімі Ғали Есқалиев аймақтағы құтқарушылардың төтенше жағдайға дайындығын тексерді” деген ақпарат та ақылы болып шықты.

Тағы бір қазақтілді портал - Baribar.kz те Есқалиевтің жұмысы туралы жағымды материалдарды орыс тілінде жариялады. Әкімдік бұл порталдың меншік иесімен 6,9 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Бұл сомаға Ғали Есқалиевтің аты аталатын көптеген ақпарат шықты. Тіпті тақырыпқа бір қарағанда, мүлде әкімге қатысы жоқ болып көрінетін материалдың ішінде Есқалиев жүр:

В ЗКО усиливають контроль за соблюдением карантина (орфография сақталды)

Строить школы за счет частных инвесторов предлагают в ЗКО

В ЗКО спустили на воду два катера проекта “Кайсар”

Әр ақпаратқа 188 918 теңге төленді. Qamshy порталындағы әр ақпаратқа төленген сома бұдан аз - 15 049 теңге.

Ғали Есқалиевтің Шыңғырлау және Бөрлі аудандарына жұмыс сапары жайлы Baribar.kz-те жазылған ақпаратқа да бюджет ақшасы төленді. “В ЗКО заложили фундамент новой мечети”, “В село Бостандык ЗКО открылся зал бокса”, “В ЗКО отметили труд ученых” деген ақпараттың ішіне де әкімді қыстырып жіберген.

Сонымен қатар БҚО әкімдігі “Жас Алаш” басылымымен “облыстағы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмысты көрсету үшін” 5 млн теңгеге келісімшарт жасасты.

Пандемия басталғалы бері БҚО әкімдігі әртүрлі ақпарат құралдарының меншік иелерімен 710 млн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасты. Бұл соманың басым бөлігі жергілікті билікке қарасты мемлекеттік ақпарат құралдарына берілді. Мысалы, “Жайық пресс” холдингімен (“Приуралье”, “Орал өңірі” газеттері) 281 миллион теңгеге келісімшарт жасалған.

Сондай-ақ ірі республикалық басылымдармен де келісімшарттар баршылық. Мысалы, пандемия басталғалы әкімдік Tengrinews порталының меншік иесімен 21,9 млн теңгеге, ал Nur.kz порталының меншік есімен 19,9 миллион теңгеге келісімшартқа отырған.

Nur порталына шыққан әр ақпаратқа әкімдік 270 270 теңге төлеген. Мысалы, Ғали Есқалиев облыс халқын Наурызбен құттықтады деген ақпаратқа 270 мың теңге төленді. Ал Tengrinews-ке шыққан ақпаратқа қанша төленгені белгісіз, өйткені есеп тіркелмеген.

Бұдан бөлек әкімдік Zakon.kz порталының меншік иесімен 13,3 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Ал жергілікті ТДК-42 арнасымен 9,9 млн теңгеге келісімшартқа отырған.