Получи случайную криптовалюту за регистрацию!

Даниал Ахметовтің әкімдігі ZTB мен Instagram-дағы танымал пабл | Ras aitamyn

Даниал Ахметовтің әкімдігі ZTB мен Instagram-дағы танымал пабликтерге қанша ақша төледі?

Әкімдіктер өз қызметін тек ақпарат құралдарында ғана емес, әлеуметтік желіде де насихаттайды. Ал кей әкімдіктер танымал пабликтерге посттар үшін ақша төлейді. Әрине, оған бюджет ақшасын жұмсайды.

Мысалы, Даниал Ахметов басқаратын Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі жақында қызметін әлемжеліде көрсету үшін өзіне қарасты "Шығыс ақпарат" ЖШС-мен 60 миллион теңгеге келісімшарт жасасты.

"Шығыс ақпарат" ЖШС-ға облыстық "Дидар" және "Рудный Алтай" газеттері, баспахана және ШҚО-ның өңірлік коммуникациялар қызметі кіреді.

"Шығыс ақпарат" ЖШС 60 миллион теңге келісімшарттың 27,8 миллион теңгесін игеріп, есебін беріп қойған.

Есепке қарағанда, осы тендер есебінен “Шығыс ақпарат” ВКонтакте желісінде 1 миллионнан астам жазылушысы бар ZTB Qazaqstan паблигіне 4 пост жариялаған. Оның екеуі Даниал Ахметовтің қызметін насихаттайды. Бір постта Ахметовтің Семейдегі ядролық медицина және онкология орталығының ашылуына қатысқаны айтылса, екінші постта әкімнің туризмді дамыту бойынша жиын өткізіп, Алакөлге Embraer типтес үлкен ұшақтар ұшатыны туралы мәлімдегені жазылған.

Сондай-ақ әкімдік бұл ақшаға Instagram желісінде 979 мыңнан астам жазылушысы бар Kazakh_inform паблигінде видеоролик түрінде 10 пост жариялаған. Әр постқа 45 мың теңге төленді. Кей постар әкім Ахметовтің қызметін насихаттайды. Біраз пост облыс әкіміне қарсы "соғыс ашып", текетіреске барған "Semey Bus" ЖШС-нің иелерінің бірі Серікжан Әйкелевтің мәлімдемелерін жоққа шығаруға және "Semey Bus" проблемаларына арналған.

Естеріңізде болса, Серікжан Әйкелев субсидия беруден бас тартты деп әкімдікті кінәласа, әкімдік "компания басшылары тиімсіз басқарды" деп компанияны айыптайды. Semey bus мемлекет-жеке серіктестік негізінде құрылған компания, оның 49 пайызы әкімдікке, 51 пайызы кәсіпкер Серікжан Әйкеловке тиесілі.
18 маусымда сот "Өнеркәсіпті дамыту қоры" лизингке берген 170 автобусты компаниядан тәркілеу туралы шешім шығарған. Семейде автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартып, коллапс туды. Әкімдік "Semey bus-тан" өзге компаниямен келісімшарт жасасты.

ШҚО әкімдігі Kazak_inform парақшасында Semey bus жүргізушілері жұмысқа шықпай қалғаннан тұрғындар зардап шекті деген сарында видеосюжет жариялаған. Сюжетте лизингке берілген автобустардан айырылып қалған Semey bus орнына "Семавтопарк" компаниясының ескі автобустары шыққанын, Semey bus қызметкерлері қаласа, осы компанияға жұмысқа ауыса алатыны айтылады.

Дефолтқа ұшыраған Semey bus орнына Семейде "Семавтопарк" автобустары жүріп тұр деген видеосюжетке де әкімдік ақша төледі.

Серікжан Әйкелов облыс әкімдігі мен "әкімге жақын кәсіпкерлер кастасын" әшкерейтін фильм презентациясын өткізбек болған. Фильмде аты аталатын кәсіпкерлер Әйкелов жалдаған залға жетіп барып, шу шығарып, фильм көрсетілмей қалды. Облыс әкімдігі бұл сюжет үшін де Kazak_inform- ға ақша төледі. Видеосюжетте Әйкеловтің айыптауларымен келіспейтін кәсіпкерлердің сөздері мен олардың Әйкеловпен диалогынан үзінді беріледі. Бірақ Әйкеловтің комментарийі жоқ.

Әйкеловтің фильмінде аты аталатын "Фирма Азия" ЖШС директорының баспасөз мәслихатын беріп, фильмдегі айыптауларды жоққа шығарған сюжет үшін де пабликке 45 мың теңге төленді.

Әйкеловтің "мемлекеттік бюджетті сорып отырған облыс жетекшілігіне жақын каста" деген айыптауына ашынған бір топ шығысқазақстандық кәсіпкер тіпті Алматыға келіп, "ақпараттық соғыс" туралы баспасөз мәслихатын өткізген. Паблик бұл туралы да видео жариялап, "ақпараттық шабуыл құрбанына айналдық" деген кәсіпкерлердің сөздерін берген. Бұған да әкімдік ақша төледі.

Дәл осы және басқа да посттар үшін Instagram-да oskemen_online, Go_Oskemen, oskemen24, semey_life, semey_city_, город F - это Семей, semey24, typicalsemey, semey_news16, oskemen_online пабликтеріне шыққан 126 постқа 693 мың теңге төледі.