Получи случайную криптовалюту за регистрацию!

​​Бүгінгі күнде кім көп ақпарат білсе, соның ықпалы күшті бола | Алматы дін - религия Алматы

​​Бүгінгі күнде кім көп ақпарат білсе, соның ықпалы күшті болады деген тәмсіл бар. Өйткені ХХІ ғасыр – жаһандану заманында ақпарат майданы жүріп жатыр. Кім өз ақпаратына сендіре алса, өзінің артынан еретіндер саны көп болады, яғни, тобы көбейген сайын оның күші де арта беретіні белгілі. Ақпарат майданының алға шығуына интернет, жаңа технологиялардың дамуы себеп болып отыр. Үстел үстіндегі компьютермен немесе қолындағы смартфонмен-ақ мыңдаған адамды арбап жатқан мысал өте көп және интернетте шек, шекара дегеніңіз жоқ. Кез келген нүктедегі адамды интернеттегі ақпарат арқылы тұзағына түсіре алады. Міне, деструктивті діни топтар, жат ағымдар интернеттің осы мүмкіндігін өте жақсы пайдалануда. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы лаңкестер мен арандатушылардың қалай алдайтынын, қандай тәсіл, нендей технологиялық жолдармен жүретінін, ақпараттарды қайтіп тарататынына байланысты түсіндірме жұмысын жүргізді.
Әрбір адам осыған мән берсе, жат ағымның құрбаны болмайтыны анық. Мән беру – жалғанды ақиқаттан ажырата алатын ұғым қалыптастыруға ұмтылу деген сөз. Әрбір ақпаратқа зейін салып, зерделеп қарау. Яғни, адам ойланып, расы қайсы, өтірігі не, шындығы қай жағында деп миына жүк түсірген сайын ақыл-миы арта беретіні ғылымда дәлелденген. Сонымен қатар ойлану, зер салу немқұрайлылықтан арылтады. Немқұрайлы болмаған адам кез-келген жағдайға дайын, яғни, сақ болады.    
Егер адам осы айтқанымызға, керісінше, немқұрайлы болса, таратылған жалған ақпаратқа сеніп қалуы мүмкін. Өйткені ол рас-өтірігіне ойланған жоқ. Нәтижесінде сол ақпарат оның дүние танымына, ой санасына кері әсер етсе, ол құрбандыққа айналады, көптеп зардап шегеді. Ақпараттық майданның немесе ақпараттық шабуылдың құрбаны дегеніміз осы. Қай кезде де дәлел мен дәйек бірінші орында. Сондықтан арнайы маманға сөз тізгінін берейік. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу» орталығының бас мамаманы Айша Дулатқызы:
       «Ақпараттық соғыс дегеніміз – жанжал нысаны, яғни, ақпараттық жүйелерге тікелей шабуылдар. Қарсыластың біліміне, психикасына әсер ету. Оның бірнеше мақсаттары болады. Бірінші мақсаты ақпараттық кеңістікті бақылау арқылы, өз ақпаратын қорғайды, өзі жау деп санайтындардың ақпаратын жоққа шығару арқылы тойтарыс береді. Екінші мақсаты, ақпаратты бақылау жүйесін қалыптастыру және соны жүргізу. Үшінші мақсаты жауға ақпараттық шабуыл жасау. Мен сіздерге осы мақсаттарды айта отырып, кәдімгі соғыстан ақпараттық соғыстың аражігін ажыратып бермекпін.
Кәдімгі соғыс алдын ала болжанып, қорғаныс шараларын қолдануға жол береді. Ал ақпараттық соғыс қандай құралмен, қандай жолдармен жүзеге асатыны белгісіз. Кәдімгі соғыс өзі діттеген бүкіл аумақты жаулап алатын болса, ақпараттық соғыс белгілі бір аудиторияға арналады. Яғни, тікелей жастарға, тікелей көшбасшыларға, белсенділерге арналады. Әрбір топты қамти отырып, әрқайсысымен бөлек-бөлек жұмыс жасайды. Осылайша олар халықтың санасына әсер етеді. Үшінші айырмашылығы ақпараттық соғыста тікелей шабуыл жасамайды. Олардың айтқан уәжіне біз қатты агрессияда жауап бермейміз. Өйткені ол бейбітшілік формада келуі мүмкін. Бірақ оның астарында үлкен мән жатады. Қиындық пен күрделілік осында туындайды. Ақ пен қараны ажырата алмай қалатын тұс осы. Интернет дамымай тұрғанда да олар белгілі бір аудиторияны жинау арқылы да әсер ете алып жүрген.
Ал қазіргі интернет заманында, яғни, адамдардың компьтерге байланып, смартфон гаджеттерге тәуелді болған кезінде олар тіпті күшейіп кетті десек болады. Өте көп жұмыс жасап жатыр. Мысалы ДАИШ ұйымы интернетте қандай арбау жұмысын жасайды? Олар сайттарға, әлеуметтік желілерге қысқаша материалдар салады. Санаға тез жететін, адам тез түсінетін материал салады. Көрген адам көп ойланбайды және ол материал агрессияға толы болуы мүмкін. Агрессия болған жерде пікір-талас, коментарийлер көп болады. Олар сол коментарийлерге қарай отырып, кімнің деңгейі, сауаты қаншалықты дәрежеде екеніне анализ жасап, жұмысын жалғастыра береді.