Получи случайную криптовалюту за регистрацию!

Zakon, Tengri және Nur порталдарына әкім Оңдасын Оразалиннің п | Ras aitamyn

Zakon, Tengri және Nur порталдарына әкім Оңдасын Оразалиннің пиары үшін қанша ақша төленді?

Ras Aitamyn бұл жолы Ақтөбе облысының әкімдігі әкім Оңдасын Оразалиннің қызметін ақпарат құралдарында насихаттау үшін қанша ақша жұмсайтынына үңілді.

Ақтөбе облысының әкімдігі жыл басынан бері Zakon.kz порталының меншік иесімен 15,3 млн теңгеге келісімшарт жасасты. 10,7 млн теңгенің тендері бойынша, Zakon әкімдік таратқан баспасөз хабарламасын жариялаған. Ақпаратта Оңдасын Оразалин Қазақстандағы Нидерланды корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенспен және Нидерландыдағы Қазақстан елшісі Асқар Жұмағалиевпен кездескені айтылады. Әдетте ақпарат құралдары әкімдік таратқан хабарламаны сәл де болса өңдеп жариялайды. Ал әкімдіктің хабарламасын айна-қатесіз қайталаған ақпарат үшін Zakon порталына 178 500 теңге төленді.

Жалпы, Zakon-да әкім қызметін көрсететін материалдар аз шыққан жоқ. Мысалы, әкім Оңдасын Оразалин “жем-шөп дайындау мәселесін” бақылауда ұстап отырғанын халыққа хабарлау үшін бюджеттен ақша төленді. 22 маусым күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде әкім Оразалин “Ақтөбе облысы экономиканың тұрақты өсімін көрсетіп отыр” деген. Бұл ақпаратқа да ақша төленді. Әкімнің 2021 жылы Ақтөбе облысында 465 шақырым жолдың жөнделгенін жеткізген ақпарат та ақылы болып шықты. Қызығы, Оразалин былтыр да тура сол орталық коммуникациялар алаңында жол жөнделеді деп уәде берген. Ол уақытта әкім "610 шақырым жол жөнделеді" деген еді.

Әкім Оразалиннің орталық коммуникациялар қызметінде жыл аяғына дейін кемі 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деген мәлімдемесіне де ақша төленді. Осылайша Оразалиннің есеп беру кездесуінен жазылған ақпараттар үшін Zakon порталына жарты миллион теңге берілген.

Әкімдіктің Zakon порталымен келісімшарты әлі аяқталмады. Біз тек маусым айында тендер есебінен жарияланған ақпараттарға тоқталдық. Шілде айында шыққан материалдар бойынша әзірге есеп жарияланған жоқ.

Zakon порталы былтыр да Ақтөбе әкімдігімен 4,7 млн теңгеге келісімшарт жасасып, әкім Оңдасын Оразалиннің қызметін насихаттады. Дәлелі мінеки:

Глава региона вручил ключи от нового жилья 30 многодетным и малообеспеченным семьям, ветеранам ВОВ, сиротам

Ондасын Уразалин хочет сделать Актобе безбарьерным

Ондасын Уразалин: телеканал "Aqtóbe" - настоящее зеркало жизни региона

Уразалин: Там, где нет единства, нет стабильности и развития

Уразалин проинспектировал строительство социальных объектов в двух районах

Әр ақпарат үшін Zakon порталына 117 мың теңге төленді.

Tengrinews порталының меншік иесімен әкімдік былтыр 7,9 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Tengrinews бұл ақшаның есебінен желтоқсанда Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудандардағы 19 медициналық мекемеге жедел жәрдем көліктерінің кілтін табыс еткенін жазды. Ал шілде айында әкім медициналық мекеме басшыларымен кездескені туралы ақпарат шықты. Маусым айында әкім пандемиямен күреске қатысқан ақтөбеліктерді марапаттады деген ақпарат жарияланды. Сондай-ақ Ақтөбе облысында дағдарысқа қарсы шаралар қабылданды деген ақпарат та - Оңдасын Оразалиновтің пиары. Әрбір ақпаратқа 400 мың теңге төленді.

Тағы бір ірі басылым - Nur.kz порталымен Ақтөбе облысының әкімдігі 7,9 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Осы тендер есебінен жарық көрген материалдар арасында да әкім пиары жеткілікті. Бір ақпаратта Оңдасын Оразалин экс-президент Назарбаевтың еңбегін мақтап, “біздің тәуелсіздік бірінші президенттің көреген және тәуелсіз саясатының арқасы” деген пікір білдіреді. Тағы бір ақпаратта Оразалин көңіл көтеру орындарының жұмысын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсырады. Енді бір ақпаратта облыс әкімі Ақтөбе облысында 20 мектеп салынып жатқанын хабарлайды.

Nur.kz-те шыққан әр ақпаратқа әкімдік 428 434 теңге төледі.

Пандемия басталғалы бері Ақтөбе облысының әкімдігі осы үш республикалық ақпарат құралына бюджет есебінен 31 миллион теңге көлемінде тендер берген.