Получи случайную криптовалюту за регистрацию!

Журналист пен құқық қорғаушы билік телефондарын аңдығанына таң | Ras aitamyn

Журналист пен құқық қорғаушы билік телефондарын аңдығанына таңғалмайды

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP – Organized crime and corruption reporting project – Босния астанасы Сараево қаласында орналасқан зерттеуші журналистер мен медиа орталықтардың халықаралық желісі) Қазақстан билігі Израильдегі NSO Group компаниясы жасап шығарған Pegasus бағдарламасының көмегімен аңдыған журналистер мен белсенділердің тізімін жария етті.

OCCRP-дің жазуынша, Қазақстан билігі осы бағдарлама арқылы ұзын саны 2 мыңға жуық телефон нөмірін аңдыған, олардың басым көпшілігі Қазақстандағы бизнес және саяси элита өкілдері. "Олардың арасында Назарбаевтың ықтимал серіктері мен қарсыластары бар", - дейді OCCRP.

Ашық деректерге қарағанда, Pegasus бір мезетте 50 телефон аңди алады. Pegasus лицензиясы жылына 7-8 миллион доллар тұрады. 2016 жылы NSO Group бір клиенттен 10 құрылғыға вирус жіберу үшін 650 мың доллар, ал бағдарламаны орнату үшін 500 мың доллар сұратқан деген дерек бар.

Әзірге OCCRP Pegasus бағдарламасы арқылы Қазақстан билігі аңдыған бес адамның тізімін жариялады. Олар:

Серікжан Мәулетбай – Informburo ақпараттық порталының тілшісі, "БЕСсимптомно" Telegram-арнасының авторы;

Бигелді Ғабдуллин – ПЕН-клубтың басшысы, Central Asia Monitor басылымының бұрынғы бас редакторы, 2017 жылы "бопсалау" бабымен сотталған;

Бақытжан Төреғожина – "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі.

Тізімде бұдан бөлек Квентин Гиймен мен Мартин Уиллоумның аттары аталады. Екеуінің де қашқындағы банкир Әблязовке қатысы бар. Квентин Гиймен Латын Америкасына көмек көрсететін ұйым қызметкері. Ал Мартин Уиллоум Франциядағы Génération Ecologie саяси партиясының вице-президенті.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қазақстан билігі Pegasus арқылы аңдитын тізімге енгеніне еш таңғалмағанын, телефоны тыңдалып, әлеуметтік желідегі аккаунттары бақыланатынын бұрыннан сезетінін айтты.

"Бірақ мені Pegasus пен өзге шетелдік компаниялардың қосымшалары арқылы тыңдайды деп ойламадым. Дегенмен тыңдайтынын білдім. Өйткені телефоным қызып кетеді, телефонмен сөйлесіп жатқанда, қоңырау аяқтасты үзіліп кетеді, бірде дауыс естілмей қалады", - дейді Төреғожина.

Бақытжан Төреғожина саяси тұтқындарға қолдау көрсетіп, бейбіт жиындар өткізу құқығын қорғаумен айналысады.

"Бәлкім, біздің қандай саяси-азаматтық істерді жүргізіп жатқанымызды білгісі келетін шығар. Бірақ оның бәрі ашық, өзім жүргізетін істердің бәрін әлеуметтік желіде ашық жариялаймын", - дейді Төреғожина.

Журналист Серікжан Мәулетбай да билік Pegasus арқылы аңдитын тізімге енгені күтпеген оқиға болмағанын, телефоны тыңдалатынын бұған дейін топшылағанын жеткізді. Серікжан Мәулетбай түрлі сот процестерінен репортаждар жазады, ал ол жүргізетін"БЕСсимптомно" Telegram-арнасы елдегі саяси-әлеуметтік оқиғалар, оның ішінде митинг пен наразылық акцилары жайлы хабар таратады.

"Мұндай деңгейдегі зерттеудің жарияланғаны Қазақстан билігі халықаралық келісімдер мен адам құқықтарын бұзатынын дәлелдейді. Сот процестерінен белсенді түрде мақалалар жазатындықтан, соттар мән бере бермейтін ел ішіндегі заңдар жиі бұзылатынын байқаймын. Сондықтан таңғалмаймын (Pegasus арқылы аңдитын тізімге кіргеніне). Жасыратын түгім жоқ, заңға қарсы ешқандай әрекет жасап жатқаным жоқ", - дейді Серікжан Мәулетбай.

Серікжан Мәулетбай биыл өткен парламент сайлауынан хабар таратып, орталық сайлау комиссиясының бақылаушылар жұмысын шектегенін сынап жазған, ол шенеуніктердің қолайына жақпайтын сұрақтарды жиі қояды.

Журналист телефон нөмірін де, ұялы телефон құрылғысын да ауыстырмайтынын, өйткені жоғары жақ қаласа, жаңа смартфон мен нөмірге тыңдау құрылғысын орната алатынын айтты.

Серікжан Мәулетбай журналистік қоғам тілшілердің ізін аңду туралы ақпаратқа реакция танытып, биліктен журналистерді не себепті аңдитыны жайлы жауапты талап етуі керек дейді. Журналистің өзі ертең үкімет пен Ақордаға ресми сауал жолдап, бұл жағдайды түсіндіруді талап ететінін жеткізді.