Получи случайную криптовалюту за регистрацию!

  Ұлт жоспарының 68-қадамын жүзеге асыру азаматтық авиация сал | КГА 🇰🇿

 
Ұлт жоспарының 68-қадамын жүзеге асыру азаматтық авиация саласындағы сертификаттау және бақылау сапасын арттырды
 
Соңғы 3–4 жылда Елбасының "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 68-қадамы шеңберіндегі тапсырмасын (Әуе тасымалын мемлекеттік реттеудің тиімділігін жақсарту және Ұлыбританияның Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің және ЕО авиация қауіпсіздігі агенттігінің үлгілеріне бағдарлау) және Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында азаматтық авиацияны басқару тәсілдеріне түбегейлі реформа жүргізілді.
Қабылданған шаралар бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыруға, Қазақстанның азаматтық авиациясының халықаралық аренадағы имиджін жақсартуға мүмкіндік берді.
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ құрылды (мемлекеттің 100% қатысуымен), оның негізгі функциясы ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік саласындағы техникалық бақылау мен қадағалау болып табылады. Мұндай тәсіл Қазақстанда және ТМД елдері арасында алғаш рет енгізілді. Басқарудың ұқсас үлгісі еуропалық азаматтық авиация агенттігінің (EASA) барлық елдерінде таралған, дамыған елдерде (Сингапур, БАӘ, Франция және т.б.) қолданылады және оны Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) мойындады. Азаматтық авиация саласын реттеудің жаңа үлгісі ИКАО құжаттарына толық сәйкес келеді және біздің заңнамаға қайшы келмейді.
Азаматтық авиация саласындағы билікті қалыптастыратын мемлекеттік функциялар Азаматтық авиация комитетінде қалады: Мемлекеттік саясатты анықтау, нормативтік құқықтық актілерді қабылдау, тарифтік реттеуді жүзеге асыру, стратегияны анықтау және уәкілетті ұйымның басшылығын тағайындау. Бұл тәсілді енгізу кезінде реттеуші мен мемлекеттік саясатқа жауапты органның функцияларын бөлу бойынша әлемдік тәжірибе ескерілді. Мұндай үлгі озық халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Мысалы, АҚШ-та көлік саясатын көлік басқармасы (Department of Transport) жүзеге асырады, ал Федералды азаматтық авиация басқармасы (FAA) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырады. Францияда саясатқа Көлік, теңіз және балық шаруашылығы министрлігі жауапты, ал бақылау-қадағалау қызметін Азаматтық авиацияның бас директораты (DGCA) жүзеге асырады. Ұқсас үлгі Сингапур, БАӘ, Австралия, Жаңа Зеландия, Чехия және басқа елдерде қолданылады. Осы тәсілмен ұшу қауіпсіздігі бойынша ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі: АҚШ–та – 91%, Францияда – 95%, Сингапурда – 98%, БАӘ–де – 98%, Австралияда – 83%, Жаңа Зеландияда – 84%, Чехияда – 91% құрайды.  
ИКАО аудитінің (2017) қорытындысы бойынша Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 74% құрайды. Бұл нәтиже әлемдік орташа деңгейден жоғары (63%) және іс жүзінде еуропалық орташа деңгейге (76%) сәйкес келеді. Авиациялық қауіпсіздік бойынша Қазақстанның ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі 83% құрайды, бұл орташа әлемдік деңгейден 11% жоғары (72%).
Жалпы, Қазақстанның авиациялық әкімшілігін құрудың арқасында 2009 жылғы аудит барысында анықталған ИКАО-ның негізгі ескертулерін сәтті жоюға мүмкіндік туды: білікті қызметкерлердің жетіспеушілігі және әуе компаниялар мен әуе кемелерін сертификаттауға тиімді бақылаудың болмауы. Білікті қызметкерлердің жетіспеушілігі салдарынан әуе компаниялар мен әуе кемелерін сертификаттауды бақылау тиімділігінің төмендігі байқалды. Белгілі бір дәрежеде ол декларативті түрде жүргізілді, яғни адамдар ұшақты тексеру, ұшуға жарамдылығын ұзарту үшін орынға шықпады, бірақ оны жеткілікті біліктілігі болмаса да қағаз жүзінде жасады.
Енгізілген үлгі сертификаттау мен бақылауды жүргізу сапасын арттырды. Еңбек жағдайларын жақсарту Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне салада бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік берді және жоғары білікті деңгейдегі азаматтық авиация мамандарын тартуға мүмкіндік берді. Авиациялық инспекторларға тұрақты оқыту, біліктілікті арттыру кешені және сала кәсіпорындарымен тең еңбек жағдайлары қамтамасыз етілуді. Авиация саласында үлкен тәжірибесі бар Питер Гриффитс басшы ретінде тартылды. Шетелдік білікті мамандарды тарту кең таралған әлемдік тәжірибе болып табылады (Сингапур, БАӘ және т.б.).